сенбі, 6 шілде 2024
Жаңалықтар 4 26.12.2022 13:15

Жезқазғанда жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сүт қоспасынан нәресте шетінеп кеткен болуы мүмкін

Фото: wp-s.ru

Жезқазған полициясы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен қоспалармен жаңа туған нәрестенің өлімін тергеп жатыр, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл дерек Жезқазған қалалық ІІБ бір адамның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады полиция департаменті ҚазТАГ редакциясының сұрауы бойынша.

Бұған дейін әлеуметтік желіде автордың Жезқазған перинаталдық орталығында жаңа туған нәресте қайтыс болғанын, тағы үш сәбидің жағдайы ауыр екенін айтқан видео пайда болған. Оның айтуынша, оларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен қоспалар берілген.

Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі қоспалардан өлімнің ықтимал себебі туралы мәлімет бермей, ананың жүктілігі қолайсыз болғанын, нәрестеде бірқатар аурулардың бар екенін айтады.

«Бала патологиямен туылған. Қазіргі уақытта анамнезінен баланың анасы 11 аптадан бері D тіркеуде екені анықталды. Жүктіліктің екінші жартысы бактериялық ішек инфекциясы, созылмалы бронхит, анемия, бронх-пневмония, пиелонефрит, паразиттік инфекция, аскаридоз және лямблиоз және гестациялық қант диабеті, темекі шегу әсерінен қолайсыз өтті, бұл жатырішілік өсудің тежелуіне әкелді. Бұл құрсақішілік даму кезеңіндегі ақауларға жауап ретінде ұрықтың әмбебап реакциясы», - деп жауап берді департамент.

Салмақта оң динамика болмады, сондықтан туған нәрестенің тоғызыншы күнінде парентеральды тамақтану қосылған. 11-ші күні симптомдар бойынша балаға неонатальды некроздаушы энтероколит диагнозы қойылып, толық парентеральді тамақтандыруға және жасанды тыныс алуға ауыстырылды. Бұл жағдайда сот-медициналық сараптама жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша бала өлімінің нақты себебі анықталады.