сенбі, 6 шілде 2024
Жаңалықтар 3 27.12.2022 19:18

Солтүстік Қазақстан облысында жылқы жетектеген ер адамды көлік қағып кетті

Фото: Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жылқыны жетектеп кетіп бара жатқан адамды көлік қағып кетті. 61 жастағы ер адам оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

25 желтоқсан сағат 18 шамасында Жезқазған–Петропавл автожолының 840-шақырымында Николаевка ауылының маңында Chevrolet Nexia автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі жол үстінде шанаға жегілген жылқыны жетектеп кетіп бара жатқан 61 жастағы Есіл ауданының тұрғынын қағып кетті.

«Жол апатының салдарынан жылқы жетектеп бара жатқан ер адам сол жерде қайтыс болды. Медициналық куәландыру актісіне сәйкес, Chevrolet Nexia автокөлігінің жүргізушісі мас емес» делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркелді.

Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол апатының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Жүргізілген шаралардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.