сенбі, 6 шілде 2024
Саясат 5 29.12.2022 10:34

Енді президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайлана алатын болады

Фото: dalanews.kz

Президенттің қатысуымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Teznews.kz порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді.

«Биыл еліміз зор қатерге тап болды. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік. Барлық салада жүйелі реформаларды қолға алдық. Үш жарым жыл бұрын басталған саяси өзгерістер биыл тың қарқынмен жалғасты. Реформаның ауқымы кеңейді. Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттырып жатқанымызды және Конституциялық реформалар арқылы көптеген өзгеріс жасағанымызды атап өтті.

«Күшті Парламенті бар Президенттік республика жүйесіне көштік. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Ал Президенттің өзі қызметін атқарған кезде ешбір партияға мүше болмауға тиіс. Бұл талап заң жүзінде бекітілді. Мемлекет басшысы саяси күштердің бәрінен тысқары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Жоғары лауазым иелері ауысып отырады. Саяси үдерістер ашық, саяси жүйе орнықты болады. Бірқатар өкілеттіктер Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдеді. Аталған маңызды өзгерістер Конституцияға енгізілді. Елімізде жалпыұлттық референдум және Президент сайлауы өтті. Жұртшылық реформаларды қолдап, дауыс берді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.