сенбі, 6 шілде 2024
Саясат 4 01.12.2022 22:26

Павлодар облысының экс-әкімі тұрғындардан кешірім сұрады

Фото: yandex.kz

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Teznews.kz порталы.

Бұл туралы ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.

"Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, мен әрқашан да барлығын шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді. Қалғандарын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай дәл сол - ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема", - деп жазды экс-әкім.

Сондай-ақ ол аймақ тұрғындарынан кешірім сұрады.

"Дегенмен қадірлі Екібастұз тұрғындары, мен қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! Осы күндері менің барлық ойларым мен уайымым сіздер туралы болды және солай болады. Сіздерге қайраттылық, ал мамандар мен әріптестеріме мәселенің жедел шешілуін тілеймін" делінген жазбада.

Сонымен қатар тұрғындарға үш жыл артқан сенімі үшін алғысын білдірді.