бейсенбі, 4 шілде 2024
Саясат 14 18.01.2023 18:15

Қазақстанда тіркелген қанша саяси партия бар?

Фото: mosopora.ru

Бүгін Әділет министрлігінде тағы бір саяси партия – Respublica партиясы қоғамдық бірлестігі тіркелді. Сонымен, елімізде ресми түрде тіркелген партиялардың саны жетеу, деп хабарлайды Bugin.kz порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әділет минстрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәліметінше, Respublica партиясын тіркеуге 2022 жылғы 3 желтоқсанда өткізілген саяси партия құру туралы құрылтай съезі, сондай-ақ "Саяси партиялар туралы" Заңның 6-10-баптарында көрсетілген құжаттар негіз болған. Тіркеуге ұсынылған құжаттар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тексеріліп, тіркеу талаптарына сай деп танылған.

Осыған орай, 2023 жылғы 18 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 7 саяси партия тіркелген: Amanat партиясы; "Ақ Жол" Қазақстанның демократиялық партиясы; Қазақстан Халық партиясы; "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы; "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия"; "Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы; Respublica партиясы" қоғамдық бірлестігі. Еске салсақ, бұған дейін Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Хожаназаров өзінің Facebook парақшасында партияның ресми түрде тіркелгенін хабарлады.