сенбі, 6 шілде 2024
Саясат 5 06.12.2022 11:59

Күріш қымбаттайтыны рас па? Министр жауап берді

Фото: 7kun.kz

Күріш ішкі нарықта жеткілікті. Экспортқа шығаруға да жағдайымыз бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы

Өз кезегінде министр күрішке қатысты ахуал тұрақты екенін, ішкі нарықтағы ақ күріштің қоры 257 мың тонна көлемінде бағалайтынын атап өтті.

«Елімізде күріштің жылдық тұтыну көлемі 97 мың тоннаны құрайды. Яғни, желтоқсаннан бастап келесі жылдың күріш өнімін жинау кезеңіне дейінгі 10 айдағы тұтыну көлемі – 80 мың тонна. Демек, біздегі қор сол тұтыну көлемінен 3 есе артық.

Тоғыз айдың қорытындысында шет елдерге күріш экспортының көлемі 70 мың тонна болды. Басым бөлігі, 40 мың тоннасы - ұнтақталған күріш. Оның 80 пайызы Ресейге экспортталады. Ішкі нарықта күріш жеткілікті. Экспортқа шығаруға да жағдайымыз бар», - деді ол.

Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, өңдеуші зауыттарда бүгінде күріштің бір келісі 256 теңге болса, ал көтерме саудағы бағасы 340-390 теңге аралығында қалыптасып отыр.

«Яғни, ішкі нарық күрішпен толық қамтамасыз етіледі, етілді де. Демек, алаңдауға еш негіз жоқ деген сөз», - деп түйіндеді осы ретте премьер-министр.