сенбі, 6 шілде 2024
Шоу-бизнес 5 08.02.2023 14:24

Бағлан Әбдірайымов қоғам белсенділеріне өкпелі

Фото: nur.kz

Бүгінде қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғап, құмар ойынға тәуелділігі мен басынан өткенін бүкпесіз баяндаған әнші Бағлан Әбдрайымов киносын көпшілікке насихаттамаған қоғам белсенділеріне реніші барын жасырмады, деп хабарлайды teznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме беріп.

“Жазбайын деп едім...Біз қозғаған тақырып қоғамның дерті. Иә, менің басымнан өтті. Мені Құдай жарылқап, елдің алдына шығып ағымнан жарылып, іштегі жараны ашу да еді. Жолым болып, Құдай қолдап кітап шықты. Енді, міне, киносы шықты. Елдің ықыласы керемет. Неге? Өйткені бірінің басынан өтсе, бірі зардап шегуде. Бірі баласының болашағына алаңдап, арзан дүние құрдымға кетіретінін түсіндіргісі кеп жүр”, – дейді әнші.

Оның айтуынша, оған біздің елде драмадан көрі комедия жанрының жақсы қабыладанатын айтып, ескерткендер көп болған. Бірақ өнер иесі өз шешімін өзгертпегеніне өкінбейтінін айтты.

“Мен киношник емеспін. Бірақ маған мың ескерту келді. Қазақтар драма көрмейді, неге комедия түсірмейсің деді. Жоқ, біз бұл арқылы құмар ойынның ішкі асханасын көрсету азаматтық міндетіміз деп қабылдадық.
Тура жолда екеніме тағы да көзім жетті. Ел қолдап кетті. Шығарған шығынның жартысынан енді ассақ та, жүрегім тыныш. Комедия түсіргенімде мен қазір пайда да отырар едім. “Пайда ойлама ар ойла” деген Абайдың сөзіне амал жасадым”, – деп ағынан жарылды әнші.

Сондай-ақ, ол осы тұста неге қапаланып, кімдерге ренжігенін айтып қалды.

“Кино әлемінде бұл жанр алғашқы. Және қорықпай түсірген алғашқы жанмын. Онда неге мұң шағып отыр дейсіз бе? Әлеуметтік желіде кез - келген тақырыпты ұршықша иіріп, қаламынан май тамызатын елді аузына қаратып отырған қоғам белсенділерінің үнсіз отырғаны. Құмар ойынға не заңмен шектеу қоя алмады. Не жаба алмады. Ең болмаса осындай жобаны қолдап пікірлерімен бөлісіп бір пост сала алмайды, елге көріңдер деп айта алмайды? Неге?”, – деп жазды өнер иесі. 

Әншінің бұл жазбасынан кейін желі қолданушылары оны барынша қолдап, басу айтуға тырысты.

“Қарапайым халық қолдап батасын жаудырып жатырғанда "қоғам белсендісін" қайтесіз? Халық – Алланың бір аты”, “Кино жастарға ғана емес барлық адамға ой салып, сабақ алу үшін түсірілген”, “Ойдан емес, өмірден алынған кино”, “Еш мойыма! Сен олардан өте жоғарыдасың”, – деп жазды желідегілер.