сенбі, 6 шілде 2024
Саясат 4 07.12.2022 10:49

Тоқаев Екібастұздағы апатқа қатысты бірнеше тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы премьер-министрдің баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды teznews.kz порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап. 

Сайт мәліметінше, қабылданған шаралар қаланы қиын жағдайдан шығаруға септігін тигізген. Екібастұзға келген премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға жедел басшылық жасау тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.

«Мемлекет басшысы үкіметке қалаларды қысқы жылыту маусымына дайындау кезінде жіберілген қателіктерге мұқият талдау жүргізу міндетін жүктеді. Сондай-ақ үкіметке Екібастұзда және басқа да елді мекендерде қалыптасқан күрделі жағдайды түбегейлі өзгерту үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылды»  делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, жекешелендірілген энергетикалық активтерге және олардың иелерінің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Президент үкімет пен құқық қорғау органдарының барлық жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.