бейсенбі, 4 шілде 2024
Мәдениет 8 14.03.2023 18:20

Көрісу мейрамыны қалай тойланады?

Фото. ernur.kz

14 наурыз - Көрісу мейрамы. Бұл күнді қазақ Наурыздың басталғаны деседі. Ел-жұрт қыстан аман шыққанына қуанып, бір-бірімен қауышады. "Бір жасыңмен!" деп, құтты болсын айтады.

Көрісу мейрамы бұрын еліміздің батыс өңірінде көбірек тойланатын. Бүгінде бірте-бірте Қазақстанның барлық аймағында амал күні атап өтіледі. Ал бұл мейрам қайдан шыққаны жайлы ғалым-этнограф Жасқайрат Ерназаров "ҚазАқпарат" сайтына берген сұхбатында пікір білдірген.

"Иә, Көрісу мейрамы – географиялық таралу аймағы негізінен Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтар арасында сақталған ежелгі дәстүр. Бүгінгі таңда көрісу күні қай жақтан келді немесе қайдан шықты деген мәселе бойынша тарихшылар, этнографтар, мәдениеттанушылар арасында бір ауыздан қабылданған ортақ пікір жоқ, сондықтан бұл дәстүрдің генезисі тұрғысынан егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Біріншіден, кейбіреулер наурыз айының басында бұрын да тойланған, Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Яғни, Кеңес өкіметінің Халық комиссарлары кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізіп, екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Бірқатар респонденттер осы оқиғамен байланыстырады. Екіншілері ежелден келе жатқан дәстүр екенін баса айтып, көрісу күндерінде рулық бөлімдер арасында да айырмашылықтары бар екендігіне назар аударады. Былайша айтқанда, ру бөлімдерінің қоныстану ерекшеліктеріне, яғни географиялық жағдайына қатысты, қар кетіп, көктем келу мерзімімен сабақтастырады" , - дейді ғалым.

Жасқайрат Ерназаровтың айтуынша, үшіншілері бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр деп болжамдайды.

"Мысалы, археолог-ғалым Андрей Астафьев Маңғыстау өлкесінің тарихын зерттей келе, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тува халықтарынан бастау алады дейді. Адай руының аңыздарына сүйене отырып, Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне олар шығыстан келгенде, өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген деп тұжырымдайды. Бірақ, менің ойымша, бұл жайт бүкіл Көрісу дәстүрінің Батыс Қазақстан аймағына таралуын толықтай түсіндірмейді. Тағы бір пікір бар екендігін айта кетейік, айлардың арабша атаулары: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Әр айдың басталуы 14-інен болғандықтан, 14 наурыз айдың бір бастамасы, яғни амал айы туады, демек, жыл басы деп есептеледі" , - дейді этнограф.